Уордпресс: оралу&оралмау

Қызық болып қалды ғой өзі. kk.wordpress-те күнде көз салып кетпесек, біртүрлі болып, бар нәрседен қалып қоятындай әдет қалыптасып, белсенділігіміз артып келе жатқанда, бары, жоғы анық белгісіз, тіпті олардың біреуі мүлде ашылмаған деген де ақпарат шыққан, қос блогтың себебімен тоқтап қалдық қой. Біразы Қазжурды, біразы Қазақблогерлерін жағалады. Енді біразы “қойып кетті”. Арындар басылып қалды ғой деймін. Әлде басып тастады. Енді қайта оралу керек пе деп жатқандар бар, біреулер қайта оралып жатыр. Көбісіне хабар әлі жетпеген болуы керек, әйтеуір осы жазба жазылып жатқанда, бұрын таңғы сегіздегі жұмысқа асыққан Астана сияқты болатын уордпресс, қазір түскі үштің уақытына ұқсайды, ара тұра қозғалыс байқалады. Енді не болар екен?

PS Әлде елдің бәрі демалыста ма?

Блогкерлер ақын боп кеткен бе?

Авторлық құқық һәм адамгершілік тұрғыдан дұрыс болу үшін алдын ала, ескерте қояйын. Мына бейнесюжеттің монтажы мен ию-қиюын жасағанмен, блогшыларды «ақынша» сөйлетіп, поэзияның «шоқ» өкілдері секілді етіп, сценарийін жазып берген Мұрат Есжан.

Әйтпесе, өзім поэзиямен «әріптес» емеспін. Өркеннің де өлең жазатыны туралы ақпаратым жоқ. Мұндай өлең сюжет жасау идеясы ошари арнада жүрген кезде көп талқыға түскен-ді, бір реті келмеген. Ыңғайының келгені осы. Оны негізі Мұрат жасайтын болған.

Сосын осы бір төрт минуттық өнімнің кейіпкері болған жандар президентпен суретке түсіп, сол суретін фотографтан сұрата бергені сияқты болғасын (J), олар үшін құны жоғары болып тұр ғой деп осында орнатып қойдым.

Бұл бейнені қазақ блогосферасына, блогшылардың амал-әрекетіне деген бір пиар жүріс деп қарасаңыз да, қызық деп бағаласаңыз да, мақұл.

Сосын блогты жаңартып, «жөргек ауыстырып» отыру міндетін алғасын, осы бір миссияны орындап тастайық дедік.

Қысқаша осы.

Басталды!

Алматыдамыз. Араға алты ай салып келіп тұрғаным. Астана-Алматы пойызының төртінші вагонында Orkenegro-мен бірге жеттік.  Алматы-1-ге төрт минут кешіккен пойыз, Алматы-2-ге араға жарты сағат салып, әрең жетті. Астананың тығынсыз жол қозғалысына үйренісіп-ақ қалған екенбіз, вокзалдан «Алматы» қонақ үйіне дейінгі жап-жақын жерді «тығындалып» жеткеніміз оғаш көрінді астаналықтарға :)

Алматының көше кептелісі еш өзгермепті. Тек (өзгеріс ретінде) Азиаданың «арқасында» спорттық шараның логосымен безендірілген көше атауларының сілтемесі мен Абай көшесінің бойында жаңадан орнатылған бейне бақылау камераларын ғана байқадым.

Тұрақтаған орнымыз шынында да кезінде дүрілдеп тұрған орын болды ғой, бірақ қазір емес. Ностальгияның иісі шығады. Қонақүй кеңестік кезеңді еске түсіреді. Қалың ағаш паркет. Кеңестік үлгіде жарақталған ванна, шкаф, т.т. «Кермес»-те қазақ блогшыларының бейресми басқосуы өтті. Блогкерлердің көзілдіріктерінің бағасы мен аяқ киімінің өлшеміне дейін айтылған бейресми басқосу танысу миссиясын атқарған сияқты.Есесіне, виртуалды әлемдегі таныс-білістікті шынайы көз көріп, құлақ естір жерден арттырдық қой деймін. Басқосудан шыға сала, интернет клубқа бас сұғып, презентациямызды пысықтадық.

Түнгі (таңғы) төртте ұйқыға бас қоюға ғаламтордан шығып барам. Пойызда ұйқы жоспарын орындап алғаным қандай жақсы болған.

Айтпақшы, бүгінгі панельдік басқосудағы менің презентацияма бас сұға кетіңіздер. Тақырып: Қазақ блогонимі. (Google-дан табыла қоймас) Read more of this post

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.