«Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дейтін мәтелді «атам қазақ тегін айтпаса керек». (Осы сөзді айтқаны үшін ақы алып жатқан да ешкім жоқ.) Шынында да солай. Ненің болса да, болмаған кезде, жоғалған кезде, қадір-құны артып шыға келетіні-ай.
Университет тәмамдаған сәтте, (оған дейін жиған-тергеніммен) көлікті болдым. Енді ғана универ бітірген түлек үшін Toyota әжептеуір-ақ көлік еді. Сегіз айдан кейін ғой деймін, бір себеппен көлікті келесі көлікке ауыстырдым. Алғашқысын ұнатып алғам, ауыстырымнан кейінгі рөліне отырған Audi көлік, шынын айтқанда, көңіл қоңалсытып жүрді. Кейін ол көліктің құжати, заңи проблемалары шықты да, тіпті көңіл күйді түсірді. Бір жарым жылдан соң, алғашқы салынған капиталдан екі еседен көп арзандау бағаға бұл көлікті де саттым. Іле Алматыдан Астанаға қоныс аудару қажеттілігі туды да, ақша өзге маңызды мақсаттарға жұмсалып кете барды. Біраз уақыт көліксіздікке үйреніспей, таксилеттік. Tuspalsoz-дің аса маңызды іссапары тұсында Mitsubishi-імен бір ай жүрдім. Қазір 41 нөмірлі қоғамға ортақ автобусым бар. Рас, бұл көлігім тек үй мен жұмыс ортасында ғана жүреді. Көлігің болмағасын, басқа бағыттарға онша бұрылуға да зауқың бола бермейді. Қала ішіндегі шұғыл, жылдам шаруаларда қозғалуда шапшаңдық мәселесінде тәуелділеусің. Есесіне көлікпен болатын проблемалардан тәуелсізсің. Көлігі барлардың «90 000 теңгеге түген жерін жөндедім», «көлігім жүрмей қалған еді ғой, қаладан бөлшектерін таппай тапсырыс беріп қойдым, 140 000 теңгемді дайындап отырмын», «есігімді өткен жолы біреу сырып кетіп, 50 000 теңгеге жөндеттім» дегендерін естіп, кейде қайта көлікті болғым келмей кететіні бар. Ал кейде Астананың қысында қатып қалып мазаны алмайтын (аутозауыты бар), бензин, бензин болғанда да жүзге төрт бес қана литр жағармай тұтынатын, жол полициясы тоқтатпайтын, тоқтатса да, айыппұл төлемейтін, (бұл туралы келесі бір жазбада айтамын) құжаттары ретті шағын көлік туралы бір еске алып қоям.
Қайырлысы деген бір ғана сөз ең жөн сөз-ау мұндай кезде.
Соңғы қос пікір